homepage
polisia.kz

Қарағандыда екі адамды өлтірді деп күдіктелген ер адамның өзі өлі табылды

07.12.2024, 12:25

Қарағандыда екі бірдей танысын өлтірген деп күдікке ілінген ер адамның өзі өлі табылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті.

АЛДЫМЕН ЕКІ АДАМНЫҢ МӘЙІТІ ТАБЫЛҒАН

Қараша айының соңында полицияға Бұқар жырау даңғылындағы көпқабатты үйдің пәтерлерінің бірінен адам денесі табылғаны туралы хабарлама түскен.

Шақырту бойынша жеткен полиция қызметкерлері жабық пәтерден өлтірілген екі адамның мәйітін тапқан. Пәтердегі жағдай оған дейін марқұмдармен брге үшінші адамның болғанын көрсеткен.

КҮДІКТІНІҢ ДЕНЕСІ ӨЗ ҮЙІНЕН ТАБЫЛҒАН

Сот-медициналық сараптама қызметкерлері күдіктіні және оның тұрғылықты мекенжайын анықтай алды. Алайда полиция қызметкерлері күдіктіні де өз үйінде өлі күйде тапқан.

«Жедел уәкілдер сол күні 30 жастағы күдіктіні анықтап, оны ұстау шараларын жүргізді. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер күдіктінің мәйітін тапты Оның өліміне дәрі-дәрмектен немесе есірткіден улану себеп болған», - деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.

Күдіктінің нақты неден және қалай уланғанын тергеу анықтайтын болады. Қазіргі таңда үш адамның өлімі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.