Астанада өзін ипотекалық брокер ретінде таныстырып, Instagram арқылы 25 адамды алдаған 30 жастағы ер адам сот үкімімен 6 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Сот материалдарына сәйкес, ер адам 2021–2025 жылдар аралығында азаматтарға «7–20–25» бағдарламасы арқылы баспана алып беруге уәде еткен. Сонымен қатар, ол табысы жоғары жиһаз жобасына инвестиция салуды ұсынып, адамдарды ірі көлемде ақша аударуға көндірген.
Алайда күдікті қаражатты алғаннан кейін уәделерін орындамай, ақшаны өз пайдасына жаратқан. Тергеу барысында 25 жәбірленуші анықталып, келтірілген жалпы шығын көлемі 95 миллион теңгеден асқаны белгілі болды.
Сот үкім шығару кезінде ер адамның кінәсін мойындауын, кәмелетке толмаған баласының барын және шығынның бір бөлігін өтегенін ескерген.