Қызылорда облысында мемлекеттік табиғи қорық аумағында сексеуілді заңсыз кесу фактілері әшкереленді. Және бұл іске табиғатты қорғау басқармасының инспекторларының да қатысы бар болып шықты. Олар қылмыстық топты қорғаштағаны үшін тұрақты түрде ақшалай сыйақы алып келген, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктілер сирек кездесетін сексеуіл ағашын кесіп алып, буып, түйіп шекаралас облыстарға өткізіп отырған. Тінту шаралары барысында бірнеше атыс қаруы мен оқ-дәрілер, жүк көліктері, электрлі аралау құралдары, радиостанциялар, ірі көлемдегі қаражат және сексеуілдің қомақты қоры табылып, тәркіленген. Қазіргі уақытта күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалып, қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.
Аталған дерек бойынша заңнамаға сәйкес, табиғи қорық аумағында сирек ағаш түрлерін заңсыз кескендер 12 жылға дейін сотталуы мүмкін. Мемлекетке келтірілген залал көлемі нақтыланып жатыр.