homepage
Фото: видеодан алынған кадр

Ресей дронмен жолаушылар пойызына шабуыл жасады, қаза тапқандар бар

28.01.2026, 10:07

Ресей әскері Харьков облысында жолаушылар пойызына дронмен шабуыл жасап, салдарынан кемінде бес адам қаза тапты. Пойызда 291 жолаушы болған, қаза тапқандар мен жараланғандардың жеке басы анықталып жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Оқиға Барвинкове маңында болған. Алдын ала мәліметке сәйкес, пойызға «Shahed» үлгісіндегі бірнеше дрон соққы берген. Соққыдан кейін жолаушылар вагоны мен локомотив өртеніп, теміржол инфрақұрылымы зақымданған. Құтқару қызметтері өртті сөндіріп, жолаушыларды қауіпсіз жерге эвакуациялады.

Украина президенті Владимир Зеленский бұл шабуылды терроризм актісі деп атап, азаматтық нысанға әдейі жасалған соққы деп мәлімдеді. Оның айтуынша, пойызда әскери нысан да, әскери жүк те болмаған.

Украина құқық қорғау органдары оқиғаны соғыс қылмысы ретінде тіркеп, халықаралық серіктестерге ұсыну үшін дәлелдер жинап жатыр. Харьков облысында қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, теміржол қозғалысы уақытша шектелді.