homepage
Фото: ашық дереккөзден

Тағы бір сарбаз Жамбылда жан тапсырды

28.01.2026, 01:46

Қазақстан армиясынан тағы бір қаралы хабар. Кеше Жамбыл облысындағы әскери бөлімшелердің бірінде борышын өтеп жатқан сарбаз қаза тапты, деп хабарлайды Juzmedia.kz

"Мерзімді әскери қызметтегі сарбаз қаруды ұстап жүрген кезде жарақат алып, көз жұмды”, – делінген ҚР Бас прокуратурасы таратқан хабарламада.

Осы оқиғаға байланысты Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

"Жедел-тергеу тобы құрылып, тергеу барысы Бас Прокурордың жеке бақылауында. Оқиғаның мән-жайын объективті және жан-жақты анықтау үшін Қорғаныс министрінің орынбасары, Бас әскери прокурор және ІІМ Әскери-тергеу департаментінің бастығы оқиға орнына аттанды. Сонымен қатар, бұл топтың алдына еліміздің тиісті әскери бөлімдерінде әскери тәртіптің сақталуы мен жеке құрамның қауіпсіздік талаптарының сақталуына жан-жақты тексеруді ұйымдастыру тапсырылды”, делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау, мерзімді қызметті өткеру қауіпсіздігі мәселелері жақын арада Бас прокуратураның арнайы Алқа мәжілісінде қаралмақ. Осылайша бір ғана қаңтар айында Қазақстан әскерінің қатарында 3 сарбаз қаза тауып отыр.