Өскемендегі әскери бөлімде қаза тапқан сарбаз Қазбек Оспановтың туыстары ол өз-өзін атып өлтірді деген нұсқамен келіспейді. Баласының мәйітін өз көзімен көрген анасы перзентін танымай қалғанын айтады. 20 жастағы жігіттің көзі ұясынан шығып, бет-аузы көгеріп, ісіп кеткен.
Зар жылаған ана 31 арна журналистеріне тағы бір жайтты жеткізді. Қазбек әскерде жүргенде сыныптастары мен бұрынғы әріптестерінен үнемі ақша сұраған. “Әскерден қайтқан соң қайтарамын” деп жағалай қарызданған.
“Балам қиналды. Балам байғұс бәрінен ақша сұраған. Мен мұны білмедім, менің жағдайымды ойлап ештеңе айтпапты. Күнде звондап ақша сұраған, балама қысым көрсетілген”, дейді анасы Майра Оспанова.
3 айдан соң әскерден оралады деп ұлын тағатсыздана күткен ана осылай зар жылап отыр. Ол “қарауылда тұрғанда өзіне бекітілген қарудан өзін атып өлтірді” деген ресми нұсқамен келіспейтінін айтып, тергеудің әділ өтуін талап етеді. Анықталғандай, Қазбектің көзінде ақауы бар, соған қарамастан әскер қатарына күзетші болып жұмыс істейтін орнынан өткен жылдың сәуірінде зорлықпен алып кеткен.