homepage
Фото: gov.kz

Алматыда екі тұрғын үйдің құрылысы тоқтатылды

27.01.2026, 18:49

Алматыда тағы екі тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтатылды. Қала әкімдігі нысандарды талапқа сай емес деп таныды деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов халықаралық әуежай маңында салынып жатқан бірқатар тұрғын үй кешенін аралаған. Тексеру кезінде «Bastion» тұрғын үй кешенінің құрылысы азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органдардың келісімінсіз жүргізіліп жатқаны анықталған.

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әуе айлақтарына жақын аумақтарда және белгіленген күзет радиусында ғимараттың қабат санына шектеу қойылады. Бұл аймақта салынып жатқан барлық нысан тиісті келісім алуға міндетті. Құжат болмаса, құрылыс тоқтатылады, қажет болса нысан сүріледі», – деді әкім орынбасары.

Сондай-ақ «Dream City Tech» тұрғын үй кешенінде құрылыс салушының қасбетті келісімсіз қаптай бастағаны белгілі болды. Бейбіт Шаханов «Шығыс қақпасы» полиорталығындағы барлық нысан бекітілген бірыңғай сәулеттік тұжырымдамаға қатаң сай болуы тиіс екенін атап өтті.

Нәтижесінде заң талаптарын бұзған екі нысанда да барлық құрылыс жұмысы толық тоқтатылды.

Айта кетейік, жыл басында Алматыда заңсыз салынған ғимарат сот шешімімен бұзылған. Ал былтыр жазда қаладағы тау бөктерінде орналасқан бірнеше үй сүрілген.