Қазақстанда талапқа сай келмейтін жекеменшік мектептер мен балабақшалар лицензиясынан және мемлекеттік тапсырыстан айырылуы мүмкін. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Министрдің айтуынша, бүгінде елде 880-нен астам жекеменшік мектеп бар. Оның 785-тен астамы цифрландырылып, мемлекеттік тапсырыс алып отыр. Алайда мемлекеттік қаржыландыру лицензияның автоматты түрде сақталуына кепіл болмайды.
Министрді әсіресе мектеп инфрақұрылымының жай-күйі алаңдатып отыр.
«Моншада, қоймада ашылған мектептер бар. Олар он жылдан астам уақыт жұмыс істеп келді, соңғы бес жылда мемлекеттік тапсырыс алған», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Оның айтуынша, мұндай жағдайлар заңды өрескел бұзу болып саналады және жойылады.
Министрлік мәліметінше, мемлекеттік тапсырыс алып отырған барлық жекеменшік мектептер жұмысын жалғастыра береді. Алайда наурыз айынан бастап олар постлицензиялық бақылаудан өтеді. Тексерісті Бас прокуратура жергілікті әкімдіктермен бірлесіп жүргізеді.
Бақылау үш негізгі талапқа бағытталады: балалардың қауіпсіздігі, білім беру қызметінің сапасы және білікті педагог кадрлардың болуы.
«Егер жекеменшік мектеп барлық заң талаптарын сақтаса, ғимараты бар, нысаналы мақсаты дұрыс болса, ол әрі қарай жұмысын жалғастырады. Бірақ әкімдіктер талапты қатаң қояды. Қаржы министрлігінің есептерін бәріміз көрдік, қаржылық заңбұзушылықтар, “өлі жандар” анықталды. Мұның бәрін LMS жүйелері арқылы көріп отырмыз. Сондықтан бақылау жалғасады. Мұндай заңбұзушылық болмауы тиіс», – деді министр.