homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Туризм және спорт министрі Сапиевтің төбелесіне қатысты пікір білдірді

27.01.2026, 17:00

Қарағанды облысында Серік Сапиев пен орынбасарына қатысты жанжалға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пікір білдірді деп хабарлайды Juzmedia.kz.

23 қаңтарда әлеуметтік желілерде Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов арасындағы төбелес түсірілген видео тарады. Белгілі болғандай, Сәпиев полицияға арыз жазған, ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Қарағанды облысының әкімдігінде спорт басқармасына қатысты тексеру басталғаны хабарланды.

Ал Ербол Мырзабосынов бұл оқиғаға уәкілетті органдар құқықтық баға беретінін айтты.

«Серік Сәпиев – Олимпиада чемпионы, екі дүркін әлем чемпионы. Ол орталық мемлекеттік орган жүктеген тапсырмаларды толық орындап отыр. Ал бұл инцидентке қатысты бағалауды әкімдік пен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі береді. Қазір нақты осы жағдай бойынша қарау жүріп жатыр», – деді министр Үкіметтегі брифингте.

Министрдің айтуынша, спорт саласын бала кезінен спортпен айналысқан, саланың барлық мәселесін білетін адам басқаруға тиіс.

«Ол мемлекеттік қызметтің барлық кезеңдерінен өтіп, басқарушылық құзыретке ие болуы керек. Ең бастысы – спорттың өзінен шыққан маман болуы қажет», – деп түйіндеді Ербол Мырзабосынов.

Өңірлердегі олимпиада чемпиондарының жұмысына баға берген министр реформалар жүріп жатқанын айтты:

«Қазір өңірлерде мемлекеттік қызмет аясында ауқымды жұмыс жүріп жатыр, реформалау жүріп жатыр. Бүгін іске қосылған басқару жүйесі жұмыс істеп тұр», – деді ол.

Министр соңғы жетістіктерге де тоқталды.

«Бүгінде бұрын болмаған 7–8 тарихи нәтиже бар. Бұл жетістіктердің барлығы өңірлердің арқасы. Бұрын 180-ге жуық басым спорт түрі болып, бюджет түсініксіз қағидамен бөлінетін. Қазір қаржы олимпиадалық, паралимпиадалық, сурдлимпиадалық спорт түрлеріне бағытталып, тікелей балаларға жетіп жатыр. Бұл – министрлік саясатын өңірлерде іске асырып жүрген адамдардың еңбегі», – деді ол.