АҚШ-та жойқын қарлы дауыл соғып, салдарынан кемінде 26 адам қаза тапты. Бұл туралы New York Post басылымы хабарлады деп жазады Juzmedia.kz.
Басылым мәліметінше, қаза тапқандардың бір бөлігі қар тазалау кезінде, енді біреулері қысқы ойын-сауық кезінде көз жұмған.
«Кемінде 26 адам қайтыс болды. Олардың арасында шанамен сырғанаған екі жасөспірім бар», – деп жазды басылым.
Қайғылы оқиғалардың бірі 16 жастағы қыздың өлімімен байланысты. Ол құрбысымен бірге көлікке шана байлап сырғанаған. Бір сәтте ойын бақылаудан шығып, шана ағашқа соғылған. Екі жасөспірім де алған жарақаттарынан көз жұмды. Бұл жағдай қолайсыз ауа райына байланысты тіркелген алғашқы өлімдердің бірі ретінде аталды.
Нью-Йорк қаласында 60 жастағы ер адам шіркеу маңындағы қарды тазалау кезінде қайтыс болған. Ал Пенсильвания штатында жасы 60 пен 84 аралығындағы үш адам қар күреу барысында көз жұмған.
Шетелдік БАҚ дерегінше, дауыл салдарынан АҚШ-та бір миллионнан астам адам жарықсыз қалған. 16 мыңнан аса әуе рейсі тоқтатылып, тағы мыңдаған рейс кешіктірілген. Елдің бірқатар өңірінде қатты аяз сақталып, ауа райы әлі де қолайсыз тұр.