homepage
Фото: cpc.ru

Балаева: КҚК туралы жазбалардан мемлекетке опасыздық белгілері анықталған жоқ

27.01.2026, 16:02

Қазақстандықтардың Каспий құбыр консорциумының нысандарына жасалған соққыларды қолдаған жазбаларынан мемлекеттік опасыздық пен терроризмге шақыру белгілері анықталмаған. Бұл туралы депутаттық сауалға жауап берген вице-премьер, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтты деп хабарлайды Juzmedia.kz.

29 қараша күні Новороссийск портындағы Каспий құбыр консорциумы теңіз инфрақұрылымына дрон-катерлермен кезекті шабуыл жасалған. Соның салдарынан ВПУ-2 сыртқы айлағы қатты зақымдалып, істен шыққан. Осы оқиғадан кейін Мәжіліс депутаты Айдос Сарым әлеуметтік желілерде КҚК нысандарына жасалған шабуылдарды қолдап жазба қалдырған қазақстандықтарды тексеруді ұсынған болатын. 

«Әлеуметтік желілерде ел үшін маңызды нысандарға жасалған шабуылдарды ашық қолдайтын жарияланымдар пайда болып жатыр. Мұндай әрекеттер сөз бостандығына берілген конституциялық құқықтың шегінен шығып, ұлттық мүддеге зиян келтіреді», – деген еді депутат.

Ол сондай-ақ мұнай құбырлары мен басқа да стратегиялық объектілерді жоюға шақыратын пікірлердің таралуына жол бермеу үшін түсіндіру жұмысын күшейтуді ұсынды.

Осыдан кейін Астана қалалық полиция департаменті азаматтардың КҚК-ға қатысты жағымсыз пікірлеріне байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастағаны белгілі болды.

Депутаттық сауалға берген жауабында Аида Балаева 2025 жылғы 17 желтоқсанда Астана қалалық полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 174-бабы, яғни «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік немесе діни алауыздықты қоздыру» бойынша қылмыстық іс тіркегенін еске салды. Іс аясында сот-психологиялық және филологиялық сараптама тағайындалған.

«Қазақстандықтардың КҚК-ға жасалған украиналық соққыларды қолдаған жазбаларынан мемлекеттік опасыздық пен терроризмге шақыру белгілері анықталған жоқ», – деп хабарлады министр.

Осылайша жүргізілген тексеру нәтижесінде әлеуметтік желідегі даулы пікірлер қылмыстың аталған ауыр құрамдарына жатпайтыны белгілі болды.