Қазақстанда жасөспірімдердің әлеуметтік желіге кіруін шектеу мәселесі заң деңгейінде қаралып жатыр. Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова осы бағытта арнайы заң жобасы әзірленіп жатқанын айтты деп хабарлайды Juzmedia.kz.
«Қабылданған заңдар аясында балалардың деректері тіркелетін платформаларға қойылатын талаптар күшейтіледі. Сонымен қатар әлеуметтік желідегі зиянды контенттен қорғау үшін балалардың әлеуметтік желіні жасына байланысты қолдануын шектеуге қатысты заңнамалық мәселелер әзірленіп жатыр. Бұл тақырыпты сарапшылар мен қоғам белсенділері талқылауда», – деді министр.
Бұған дейін вице-премьер Аида Балаева де елде балалардың әлеуметтік желіге тіркелуін шектеу мүмкіндігі қарастырылып жатқанын айтқан. Алайда бірқатар депутаттар мұндай тыйымды техникалық тұрғыдан іске асыру қиын екенін алға тартады. Олардың пікірінше, толық шектеуден гөрі баланың жасына сай келмейтін контентті қолдануына тосқауыл қою тиімді.
Халықаралық тәжірибеде мұндай қадамдар бар. Аустралия жасөспірімдердің әлеуметтік желіге кіруіне ресми шектеу қойып, арнайы заң қабылдады. Қазір осыған ұқсас заң жобасы Францияда да талқыланып жатқанын хабарлағанбыз.