Шымкентте қаза тапқан Нұрай Серікбайдың туыстары әлеуметтік желіде тараған видеоны тергеу құпиясын бұзу және қоғамдық пікірге қысым жасау деп бағалап, шағым түсірді деп хабарлайды Juzmedia.kz. Tengrinew.kz-ке сілтеме жасап.
Адвокат Сержан Нұрпейісов отбасы атынан шағым берілгенін растады.
«Біз тергеу құпиясын бұзу дерегі бойынша шағым түсірдік. Енді тергеу бұл мәселеге құқықтық баға береді», – деді ол.
Оның айтуынша, оқиғадан кейін Шымкент полициясында бірқатар басшы қызметкерлер жұмыстан босатылған.
«Ашық дереккөздер мен БАҚ-тағы ақпаратқа сәйкес, қалалық полиция департаментінің бастығы, оның бірінші орынбасары, тергеу басқармасының басшысы, Қаратау аудандық полиция басқармасының басшысы, оның орынбасары және тергеуші қызметтен босатылды», – деді адвокат.
«Оларға қатысты қылмыстық істер қозғалған. Бірақ қандай баптармен және қалай қаралатыны – тергеу құпиясы», – деп қосты ол.
Күдіктіге тағылған айыптарға қатысты жәбірленуші тараптың ұстанымы да өзгермеген.
«Қазір іс Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі “Адам өлтіру” және 125-1-бабы “Некеге мәжбүрлеу” бойынша тергеліп жатыр. Біз бұл саралаумен келіспейміз», – деді Сержан Нұрпейісов.
«Істі 99-баптың 2-бөлігінің 5-тармағы – “аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру” бойынша қайта саралауды талап етеміз. Өтінішхаттар берілді, жауап күтіп отырмыз. Сонымен қатар қудалау дерегі бойынша да бап қосуды жоспарлап отырмыз», – деді ол.
Тараған видеоға қатысты Нұрайдың ағасы Сұлтан Серікбай пікір білдірді.
«Бұл видеоны көру біз үшін өте ауыр болды. Кадрлардан Нұрайдың қатты қорқып тұрғаны көрінеді. Көзінде үрей бар. Мұндай материалдарды жариялау – кәсібилікке сай емес әрекет. Тергеу материалдары құпия болуы тиіс. Одан кейін сұхбат беруі де түсініксіз. Мұның тергеуге қандай пайдасы барын білмейміз», – деді ол.
Еске салайық, қайғылы оқиға 11 қаңтарда болған. Бейнебақылау жазбаларында ер адамның қызды қуып жетіп, оның қашуға және қарсылық көрсетуге тырысқаны көрінеді. Кейін ол пышақ жарақатын салып, оқиға орнынан қашып кеткен. 13 қаңтарда күдікті, 28 жастағы ер адам, қала маңынан ұсталды.