Францияда келесі оқу жылынан бастап 15 жасқа толмаған жасөспірімдерге әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салу жоспарланып отыр. Бұл туралы ел президенті Эммануэль Макрон мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, ол заң жобасының авторларынан жасөспірімдерді әлеуметтік желілерден шектеуге қатысты құжатты мүмкіндігінше тез ұсынуды сұраған. Макрон бұл бастаманы балалардың психологиялық қауіпсіздігімен байланыстырады.
«Біздің балаларымыз бен жасөспірімдеріміздің санасы сатылмауы керек. Олардың сезімдері де сауда нысанасына айналмауға тиіс. Олар америкалық немесе қытайлық платформалардың манипуляциясына ұшырамауы қажет», – деді Франция президенті.
Жоспарланып отырған заң жобасы 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерге кіруді толық шектеуді көздейді. Сонымен қатар, Франциядағы барлық лицейлерде смартфон пайдалануға тыйым салу қарастырылған.
Айта кетейік, 2023 жылы Франция үкіметі 15 жасқа толмағандардың әлеуметтік желілерге кіруін шектейтін және аккаунт ашу үшін ата-анасының келісімін талап ететін заң қабылдаған. Алайда бұл құжат Цифрлық қызметтер туралы заң талаптарына қайшы келгендіктен, күшіне енбеген.
Бұған дейін, былтыр қыста Аустралия 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салған. Елде TikTok, YouTube, Instagram және Facebook сияқты 10 ірі платформа жасөспірімдер үшін қолжетімсіз.