Владимир Зеленский Украинада әскери жағдай мен жалпы мобилизацияны тағы 90 күнге ұзарту туралы құжатқа қол қойды. Жаңа мерзім 4 мамырға дейін белгіленді. Бұл шешім соғыс басталғалы бері 18-рет қабылданып отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Украинада әскери жағдай 2022 жылдың ақпан айынан бері үздіксіз күшінде. Өткен жылдың соңында Зеленский Ресеймен соғыс Украина нақты қауіпсіздік кепілдіктерін алмайынша аяқталмайтынын мәлімдеген. Оның айтуынша, әскери жағдай да сол уақытқа дейін сақталады.
Бұған дейін АҚШ тарапы қауіпсіздік кепілдіктері жөніндегі құжаттың «100 пайыз дайын» екенін хабарлаған. «Біз серіктестеріміздің оған қол қоятын күні мен орнын растауын күтіп отырмыз» деген мәлімдеме таратылған.
Алайда Біріккен Араб Әмірліктері аумағында өтіп жатқан келіссөздер барысында да тараптар әзірге ортақ шешімге келе алмады.