homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Мұнай дауы: Қазақстан Қарашығанақ ісінде жеңіске жетті

27.01.2026, 11:01

Қарашығанақ кен орнын игеріп жатқан ірі мұнай компаниялары халықаралық арбитражда жеңіліп, Қазақстан үкіметіне өтемақы төлеуге міндеттелді. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады, деп жазады Juzmedia.kz.

Арбитраж соты Қазақстан үкіметінің уәжін негізді деп таныды. Сот шешіміне сәйкес, Қарашығанақ операторы болған компаниялар келісімде көзделмеген шығындарды мемлекет бюджеті есебінен өтеген. Бұл шығындар өнімді бөлу туралы келісім аясында өтелмеуге тиіс еді. Операторлар консорциумын Eni SpA мен Shell Plc басқарған.

Сот нақты төленетін соманы әзірге нықтылаған жоқ. Алайда шетелдік заңгерлердің бағалауынша, өтемақы көлемі 2–4 млрд доллар аралығында болуы мүмкін. Қарашығанақ жобасы бұл шешімге шағым түсіруге құқылы.

Bloomberg дерегінше, Қазақстан үкіметі Қарашығанақ операторларынан 6 млрд доллардан астам қаржы талап еткен. Олардың қатарында Chevron, Лукойл және ҚазМұнайГаз бар. Қарызды өтеу тетігі өнімді бөлу формуласына өзгеріс енгізуді көздейді.

Арбитраж соты мұнай компанияларының істі мерзімнің өтуіне байланысты ішінара тоқтату туралы өтінішін қабылдамады. Тыңдау Лондонда өтті, іс Стокгольм ережелері бойынша қаралған.

Қазақстан бұл талапты 2023 жылы қойған. Бастапқы сома 3,5 млрд доллар болған. Кейін кейбір шығындар сыбайлас жемқорлық салдарынан қолдан ұлғайтылған деген уәж айтылып, талап көлемі артқан. Былтыр шетелдік компаниялар дауды газ өңдеу зауытын салу арқылы реттеуді ұсынған.

Bloomberg бұл Қазақстан мен халықаралық мұнай алпауыттары арасындағы алғашқы дау емес екенін еске салады. Бұған қоса, үкімет Қашаған кен орны бойынша да 160 млрд доллардан астам талап қойған. Жоба серіктестеріне 5 млрд доллар көлемінде экологиялық айыппұл қаупі де төніп тұр.

2020 жылы Қарашығанақ серіктестері табысты бөлуге қатысты дауды реттеу үшін 1,3 млрд доллар төлген. Жобаға салынған жалпы инвестиция көлемі кемінде 31 млрд долларды құрайды.

2025 жылдың соңында АҚШ Қарашығанақ жобасына, Каспий құбыр консорциумына және Теңіз жобасына қатысты операцияларды өз санкцияларының аясынан шығарған.