АҚШ президенті Дональд Трамп Оңтүстік Кореяны былтыр жасалған сауда келісімін орындамады деп айыптап, бұл елден әкелінетін тауарларға салынатын кедендік баж салығын 15 пайыздан 25 пайызға дейін арттырды. Шешім автомобильдерге, ағаш өнімдеріне, фармацевтикалық тауарларға және басқа да өнімдерге қатысты деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ақ үй басшысы Truth Social әлеуметтік желісінде Сеулдің келісімді бекіту процесін созып отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, АҚШ өз міндеттемесіне сай тарифтерді жедел түрде қысқартқан. Ал Оңтүстік Корея билігі тарифтердің көтерілгені туралы ресми хабарлама алмағанын айтып отыр. Олар мәселені талқылау үшін Вашингтонмен шұғыл келіссөздер жүргізуге дайын екенін жеткізді.
Екі ел арасындағы сауда келісімі 2025 жылдың қазан айында жасалған. Құжатқа сәйкес, Оңтүстік Корея АҚШ экономикасына 350 млрд доллар инвестиция салуды міндетіне алған. Бұл қаржының бір бөлігі кеме жасау саласына бағытталуы тиіс.
Келісім 26 қарашада Оңтүстік Кореяның Ұлттық ассамблеясының қарауына енгізілген. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, құжат ақпан айында мақұлдануы мүмкін.