homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Халықаралық іздеуде жүрген күдікті Грузиядағы стендап-шоудан "табылды"

27.01.2026, 10:05

Қазақстанда заңсыз ойын бизнесін жүргізіп, қылмыстық топ құрды деген күдікке ілініп, халықаралық іздеуде жүрген Нұрдаулет Сейсенбаев Грузияда өткен стендап-шоудан “табылды”. Оны әлеуметтік желі қолданушылары кездейсоқ бейнежазбадан көріп қалған, деп хабарлайды  Juzmedia.kz.

Қазақстанның Бас прокуратурасы оның бұл “жүрісін” былай деп түсіндіреді: 

«Қазіргі уақытта Нұрдаулет Сейсенбаевты Грузиядан экстрадициялау мәселесі пысықталу сатысында. Бұған дейін экстрадициялау туралы сұрау жолданған, алайда ол осы уақытқа дейін қаралған жоқ. Осыған байланысты грузин тарапымен жұмыс жалғасып жатыр», – деп хабарлады ведомствода.

Сондай-ақ Бас прокуратура Сейсенбаевтың Грузияда неге қамауға алынбау мүмкін еместігін түсіндірді. 

«Қазақстан мен Грузия арасындағы экстрадициялау мәселелері 1993 жылғы құқықтық көмек туралы конвенция аясында қаралады. Аталған құжат іздеуде жүрген адамдарды беру міндетін көздейді», – делінген ресми жауапта.

Еске салсақ, StavkaBet букмекерлік кеңсесінің құрылтайшысы Нұрдаулет Сейсенбаев 2019 жылдың тамызынан бері іздестіріліп жатыр. Ол сол жылдың қыркүйегінде  Interpol арқылы Грузияда ұсталған. Сол кезде Қазақстан оның экстрадициясын сұрағанымен, Грузин соты тергеу айыптарының жеткіліксіздігі себебінен күдіктіні Қазақстанға беруден бас тартқан.