homepage
фото: ашық дереккөзден

40-қа жуық қазақстандық Үндістаннан елге ұша алмай жатыр

27.01.2026, 01:03

Қазақстанның 40-қа жуық азаматы екінші күні Үндістаннан ұшып кете алмай жатыр. Қазақстандықтар Пхукет – Мумбай – Алматы бағыты бойынша IndiGo әуе компаниясының рейсімен ұшқан, алайда қосалқы рейстер тоқтатылғаннан кейін әуежайда қалып қойған, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Kursiv.Media-ға жолаушылардың бірі Кирилл Хомицкий хабарласып, бір тәуліктен астам уақыт паспорттық бақылау аймағында отырғанын айтқан. 

Әуе компаниясы жолаушыларға Иран әуе кеңістігінің жабылуына байланысты Алматыға ұшу тоқтатылғанын хабарлаған, басқа түсініктеме бермеген. Жолаушының айтуынша, оларға балама ұшу маршруттары ұсынылған. Ыстанбұл, Ташкент, Дубай, Абу-Даби және Шарджа арқылы елге қайтуға болады, бірақ билет саны шектеулі. Жолушылардың бірі бөлігі алып үлгерген, ал енді бір бөлігі қайда барарын білмей әуежайда аңтарылып отырған көрінеді. 

«Біреуге билет берілді, біреуге қонақүй берілді, енді бір жолаушылар қашан және қалай ұшып кетерін білмей отыр», – дейді Кирилл Хомицкий. 

Жолаушылардың айтуынша, Қазақстан елшілігі бұл жағдайға көмектесе алмайтынын айтқан.