homepage
Фото: gov.kz

Әскер қуаты жөнінен Өзбекстан Қазақстанды басып озды

26.01.2026, 19:46

Global Firepower әлем елдерінің әскери қуаты бойынша жаңартылған рейтингін жариялады. Қазақстан бұл тізімде төменгі орында тұр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Сарапшылар 145 елдің әскери әлеуетін 60-тан астам көрсеткіш бойынша бағалаған. Есепте қарулы күштердің саны, қорғаныс бюджеті, әскери техника, логистикалық мүмкіндіктер және географиялық факторлар ескерілген.

Рейтинг көшін дәстүрлі түрде АҚШ бастады. Екінші орынға Ресей жайғасса, үздік үштікті Қытай түйіндеді. Ал алғашқы ондыққа Үндістан, Оңтүстік Корея, Франция, Жапония, Ұлыбритания, Түркия және Италия енген.

Қазақстан әскери әлеуеті жағынан үздік елдер қатарына кіре алмады. Ел рейтингте 58-орынға тұрақтап, әлемдегі ең қуатты 50 әскердің қатарына енбеген. Қорғаныс қабілетінің индексі 1,0433 деп бағаланған.

Global Firepower деректеріне сәйкес, Қазақстанның көрсеткіштері біркелкі емес. Құрлық әскерлері мен авиация әлеуеті салыстырмалы түрде тұрақты саналғанымен, әскер саны, тікұшақтар, ұшақтар, танктер мен артиллерия бойынша көрсеткіштер әлі де әлсіз. 

Орталық Азия елдері арасында Өзбекстан 53-орынға жайғасып, Қазақстанды басып озды. Түрікменстан 78, Тәжікстан 100, Қырғызстан 109-орында тұр.