homepage

Ауыр соққыдан көз жұмған: Ақтөбеде оқушының өліміне кінәлілерге сот үкімі шықты

Juzmedia. kz
06.12.2024, 18:29

Ақтөбеде мектеп-интернаттың 8-сынып оқушысын аяусыз соққыға жығып, есінен танғанша ұрып-соққан оқушыларға қатысты сот үкімі жария болды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қылмыстық құқық бұзушылық жасауды ұйымдастыра отырып, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру арқылы абайсызда жәбiрленушiнiң өліміне әкеп соқты деген айыппен екі адамға қатысты қылмыстық іс қаралды. Оның біреуі кәмелетке толмаған.

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

2024 жылдың 11 сәуірінде Қ. Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің 2-курс студенті Қ. аталған оқу орнының еркін күреспен айналысатын 8-сынып оқушыларының тәртібі мен спорттағы нәтижелерінің нашарлауына байланысты жиналыс ұйымдастыруды қажет деп шешеді. Сөйтіп, сол күні кешкі жаттығудан кейін 8- сыныптардың оқушыларына интернат бөлмесіне жиналу қажеттігін айтып, оларды жинауды Ж.-ға және басқа да 9-10-сыныптың оқушыларына тапсырған.

«Өз кезегінде, Ж. сотталушы Қ.-мен ойы бір екенін білдіріп, сол күні сағат 21:00 шамасында 8-сынып оқушыларын бөлмеге жинауға қатысқан. Сөйтіп, аталған бөлмеге Қ. келіп, 8-сынып оқушыларын бір сапқа тұрғызып, оларға моральдық пен физикалық қысым көрсетіп, жиналыс жасауға ешқандай өкілеттігі болмаса да, олардың тәртібі мен спорттағы нәтижелерінің төмендеп кеткенін айтып, Ж.-ға және басқа да 9 және 10-сыныптың оқушыларына 8-сынып оқушыларын ұрып өтуге нұсқау берген», - делінген сот хабарламасында.

Сондай-ақ Қ. 9-сынып оқушылары Х. мен Ұ.-ға 8-сынып оқушыларын жәй ғана ұрғанын айтып, қайтадан қаттырақ ұрып шығуды талап етіп, аталғандар қайта 8-сынып оқушыларын ұрып шыққан.

«Кейін, Ж. 8-сынып оқушысы Ә.-ге келіп, оның екі бетінен өзінің екі алақанымен жеткілікті күштеп ұрады. Онымен тоқтамай, соңғның екі иығынан екі қолымен ұстап, оң тізесімен Ә.-нің төсінен барынша күшпен соққы жасап, оның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіреді. Соның салдарынан Ә. есін жоғалтып, арқасымен құлап, кейін қайтыс болған», - делінген хабарламада.

ТАРАПТАРДЫҢ ҰСТАНЫМЫ

Жәбірленушілер және оның өкілі сотталушыларға қатаң жаза тағайындауды сұрады. Сотталушылар өз кінәларын мойындамады, ал олардың қорғаушылары Қ.-ні ақтауды, ал Ж.-ның қылмыстық әрекеттерін ҚК-нің 104-бабының 1-бөлігіне қайта саралауды сұрады.

Сотталушылардың кінәлары жәбірленушілердің, куәлардың, сарапшының, маманның жауаптарымен, сараптама қорытындыларымен, оқиға болған жерді қарау хаттамасымен, бейне-жазбалармен, заттай дәлелдемелермен және де басқа да айғақтарымен расталды.

​ҚАНДАЙ ЖАЗА ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Сот қылмыстық жаза тағайындау кезінде сотталушылардың бұрын соңды сотталмағанын, сотталушы Ж.-ның кәмелеттік жасқа толмағанын қылмыстық жауаптылық пен жазасын жеңілдететін мән-жай деп таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады.

«Сот үкімімен сотталушы Қ. кінәлі деп танылып, оған 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы, ал сотталушы Ж. кінәлі деп танылып, оған 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Азаматтық талап қоюшы Қ-ның азаматтық талап қоюы ішінара қанағаттандырылды», - делінген сот хабарламасында.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, 11 сәуірде Ақтөбеде 8-сынып оқушысы есінен танып құлап қалған болатын. Кейін ол ауруханаға жетпей жедел жәрдемде қайтыс болды. Полицейлер денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.

Марқұм жасөспірімнің егізі бар екені белгілі болды. Екеуі бірге оқып, интернатта бір бөлмеде тұрған.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.