homepage
Фото: видеодан алынған кадр

«OrdaMed» АҚ-ның 4,5 млрд теңгелік жемқорлығы әшкереленді

26.01.2026, 13:12

Ұлттық қауіпсіздік комитеті медициналық бұйымдарды заңсыз импорттауға байланысты ірі схеманы анықтады. Тергеу дерегінше, «OrdaMed» АҚ басшылығы мемлекетке ірі көлемде шығын келтірген, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

ҰҚК мәліметінше, компания өкілдері Қазақстан аумағында өз өндірісі бар деген жалған құжаттарды пайдаланған. Осы негізде олар халықтың әл-ауқаты мен денсаулығы үшін аса қажет 28 атаудағы медициналық жабдықты мемлекеттік емдеу мекемелеріне жеңілдетілген шарттармен жеткізуге заңсыз преференциялар алған. Алайда шын мәнінде бұл медициналық жабдықтар шетелден дайын күйінде әкелінген.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің хабарлауынша, аталған әрекеттер салдарынан мемлекетке 4,5 млрд теңге көлемінде залал келген. Тінту барысында «OrdaMed» АҚ басшылығынан құны 1 млрд теңгеден асатын инвестициялық монеталар тәркіленіп, «Interdentica», «Erkin Brand» және «OrdaMed» компанияларындағы үлестерге тыйым салынған.

Сот санкциясымен «OrdaMed» АҚ-ның техникалық директоры, бұрынғы басқарма төрағасы және өндірістік басқарма басшысы қамауға алынды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр.