homepage
Фото: видеодан алынған кадр

Желідегі жаңа тренд: жалғыз пингвин

26.01.2026, 11:56

Әлем жұрты әлеууметтік желіде тауға қарай жалғыз кетіп бара жатқан пингвиннің видеосын таратып, түрлі философиялық тұжырымдар жазып жатыр. Бірі, мұны жалғыздық деп сипаттаса, енді бірі бұл көріністі тобырға ілеспей, өз жолыңды табуға деген мотивациялық мән көреді. Әлеуметтік желідегі бұл трендтен әрине Трамп та шет қалған жоқ, хабарлайды Juzmedia.kz.

Кадрда мұзды жазықта кішкентай пингвин алыс көрінген қарлы тауларға қарай баяу жүріп барады. Видео TikTok, Instagram және X желілерінде мем ретінде тарап, оған философиялық мәтіндер мен мұңды әуендер қосылған мыңдаған нұсқа жарияланды.

Қолданушылар бұл көріністі жалғыздықпен, қоғамнан алыстаумен, ішкі күйзелісті еңсерумен және өз жолын іздеумен байланыстырып жатыр. Кейбірі оны «ешкім түсінбейтін, бірақ ішкі қажеттілікпен жасалған қадам» деп сипаттайды.

Трендтен АҚШ президенті Дональд Трамп та шет қалмады. Ақ үйдің әлеуметтік желідегі парақшасында Трампты пингвинмен бірге Гренландияға бет алғандай етіп бейнелейтін әзіл-ишаралы сурет жарияланған.

Айта кетейік, бұл кадр шамамен 10 жыл бұрын неміс режисері Вернер Херцог түсірген Антарктида туралы деректі фильмнен алынған.