Елде вице-президент қызметіне тағайындалатын азаматтың қандай да бір саяси партияға мүше болуына, депутат болуына, өзге лауазымды қызмет атқаруына және кәсіпкерлікпен айналысуына тыйым салынады. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Министрдің айтуынша, бұл талаптар комиссия қарауына түскен ұсыныстар негізінде әзірленген. Жаңа модель бойынша вице-президент президенттің тапсырмасымен биліктегі негізгі институттармен жұмыс істеп, азаматтық қоғаммен, ғылыми және мәдени орта өкілдерімен, сондай-ақ сарапшылар қауымдастығымен байланысты дамытуға жауапты болады.
Ерлан Сәрсембаев президент өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтаған жағдайда биліктің қалай ауысатынын да түсіндірді:
«Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, елді басқару уақытша вице-президентке жүктеледі. Бұл мемлекеттік биліктің барлық институтының үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Вице-президент президент өкілеттігін қабылдай алмайтын болса, бұл өкілет Құрылтай төрағасына өтеді. Ал Құрылтай төрағасы да президент өкілеттігін қабылдай алмаған жағдайда, олар премьер-министрге беріледі», – деді министр.
Сондай-ақ президент өкілеттігін уақытша қабылдаған тұлға бұған дейін атқарып келген қызметінен кетуге міндетті болады.
Айта кетейік, вице-президентті ел президенті Құрылтай депутаттарының көпшілік дауысымен берілген келісім негізінде тағайындайды.