Атыраудың ауасы тұрғындардың денсаулығына үлкен қауіп төндіріп отыр. Қалада жүргізілген атмосфералық ауа мониторингі күкіртсутек концентрациясының шекті мөлшерден бірнеше есе асып кеткенін көрсетті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Өңірлік коммуникациялар қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, қаланың Химпосёлок деп аталатын ауданында күкіртсутек концентрациясының мөлшері 36,3 есе асып түскен.
«Зертханалық талдау нәтижесінде атмосфералық ауада күкіртсутек концентрациясының артуы тіркелді. Атап айтқанда, Тасқала ауылында – 17,5 есе, ауылға іргелес аумақта – 15,0 есе, ал Химпосёлок ауданында – 36,3 есе».
Сынамалар алынған сәттегі метеорологиялық жағдай да көрсетілген. Ақпаратқа сәйкес, желдің бағыты солтүстік-солтүстік-шығыс болған, ауа температурасы минус 9 градус, салыстырмалы ылғалдылық 81 пайызды құраған.
Бұл деректер тиісті шаралар қабылдау үшін барлық уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданатыны айтылған.