homepage
Фото: Видеодан алынған кадр

Семейде зейнеткер полицияның екі көлігін өртеп жіберді

26.01.2026, 11:36

Семей қаласында зейнет жасындағы ер адам полиция қызметкерлеріне тиесілі екі қызметтік автокөлікті әдейі өртеп жіберді. Оқиғаға қатысты бейнежазба әлеуметтік желілерде тарады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Куәгерлердің мәліметінше, оқиға «Юность» шағын ауданында, құрылыс колледжінің маңында болған. Полиция бұл ақпаратты растады. Ресми дерекке сәйкес, 25 қаңтар күні сағат 18:10 шамасында бұрын сотталған 66 жастағы жергілікті тұрғын мас күйінде учаскелік полиция пунктінің жанында Chevrolet Cobalt және Changan маркалы, полиция қызметкерлеріне тиесілі екі автокөлікті өртеген.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция ер адамға Қылмыстық кодекстің 202-бабының 2-бөлігі, яғни бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру, өрт қою арқылы жасау бабы бойынша іс қозғалғанын нақтылады.