25 қаңтар күні сағат 17:00 шамасында республикалық маңызы бар «Ақтөбе – Орынбор» автожолында, Құрайлы кентінің маңында жол апаты болып, төрт адам қаза тапты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, Honda Odyssey көлігінің жүргізушісі Ақтөбе қаласынан Мәртөк бағытына қарай жүріп келе жатып, қарсы бағыттағы жолаққа шығып кеткен. Соның салдарынан қарсы беттен келе жатқан Hyundai Solaris көлігімен соқтығысқан. Соққыдан кейін Honda Odyssey бағытын өзгертіп, тағы бір қарсы бағытта келе жатқан ВАЗ-2110 көлігімен қақтығысқан.
Жол апаты салдарынан ВАЗ-2110 автокөлігінің жүргізушісі мен үш жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Honda Odyssey көлігінің бір жолаушысы және ВАЗ-2110 автокөлігіндегі тағы бір жолаушы түрлі дене жарақттарын алған.
Аталған дерек бойынша полиция тексеру жұмыстарын бастады. Honda Odyssey көлігінің жүргізушісі Ақтөбе қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта жол апатының барлық мән-жайы анықталып жатыр.