Қазақстан армиясында тағы бір сарбаз қаза тапты. Абай облысы Жаңғызтөбе кентінде орналасқан №47007 әскери бөлімнің қатардағы сарбазы Қазыбек Оспанов қарауыл қызметін атқару кезінде өзіне бекітілген қарудан өзіне оқ атып, алған жарақаттан көз жұмған, деп хабарлайды Juzmedia.kz
Сарбаз 23 қаңтарда қаза тапқан. Оның әскерден оралуына екі ай ғана қалған. Қазыбек Оспанов Түркістан облысының Өргебас ауылында тұратын отбасындағы бес баланың кенжесі болатын.
Қаралы хабарды марқұмның анасына әскери бөлім командирі жеткізген. Отбасының айтуынша, мәйітті көруге мүмкіндік берілмеген.
"Аталған факт бойынша ҚҚ ІІМ Шығыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының Өскемен бөлімі қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы Өскемен гарнизонының әскери прокуратурасының бақылауында. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді”, - деп жазылған құрлық әскері қолбасшылығының хабарламасында.
Бұл бір айдағы Қазақстан армиясындағы екінші өлім фактісі. 7-нші қаңтарда Шымкенттегі әскери бөлімде сарбаз көз жұмған болатын.