Шымкентте жол-көлік оқиғасынан кейін болған төбелес барысында қаза тапқан 40 жастағы Василий Колесниковтың өліміне байланысты тағы үш күдікті қолға түсті. Бұл туралы адвокат Талғат Есімов әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Адвокаттың айтуынша, күдіктілерді Шымкент қалалық полиция департаменті қызметкерлері ұстаған. Олар Түркістан облысының Түлкібас ауданында жасырынып жүрген. Бұған дейін, 21 қаңтарда полиция адам өлтіру және бұзақылық деректері бойынша төрт ер адамның ұсталғанын хабарлаған болатын.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта іс аясында жедел-іздестіру шаралары жалғасып жатыр.
Қайғылы оқиға 20 қаңтар күні Шымкент қаласында Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында болған жол апатынан кейін орын алған. Апаттан соң жүргізушілер арасында жанжал туып, оған үшінші көлікпен келген адамдар қосылған. Төбелес кезінде бірнеше адам пышақ жарақатын алған. Соның салдарынан 40 жастағы ер адам көз жұмды, тағы бір азамат ауыр хәлде ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөлімінде жатыр. Аталған дерек бойынша «Адам өлтіру», «Бұзақылық» және «Адам ұрлау» баптарымен қылмыстық іс қозғалған.