homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Дубайда төбелескен өзбекстандықтар өмір бойына сотталды

25.01.2026, 13:00

Біріккен Араб Әмірліктерінде сот сегіз Өзбекстан азаматын өмір бойына бас бостандығынан айырды, тағы бір айыпталушы 25 жылға түрмеге қамалды. Бұл ақпаратты Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі растады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Оқиға 2025 жылдың сәуірінде Дубайдағы жанармай құю бекеттерінің бірінде болған. Жергілікті полицияның мәліметінше, жаппай төбелес салдарынан екі өзбекстандық қаза тапқан. Бірі пышақ жарақатынан оқиға орнында көз жұмса, екіншісі ауруханада комадан шықпай қайтыс болған.

Тергеу дерегіне сәйкес, қақтығыс бұрыннан бір-бірін танитын екі топ арасында туындаған. Себеп – ұзақ уақыттан бері жалғасқан жеке кикілжің. Қатысушылар бейнебақылау камералары мен куәгерлердің айғақтары арқылы анықталып, кейін басқа эмираттағы қонақүйлердің бірінде ұсталған.

Іс бойынша барлығы 15 Өзбекстан азаматы қамауға алынған. Бұл деректерді нақтылау үшін Өзбекстан дипломаттары Дубайдың қылмыстық іздестіру басқармасының басшылығымен кездескен. Сол кезде жергілікті тарап соңғы уақытта өзбекстандық азаматтар тарапынан заң бұзу деректерінің көбеюі екі ел арасындағы визасыз режимге әсер етуі мүмкін екенін ескерткен.

Министрлік өкілдері қазіргі таңда тиісті органдар мен дипломатиялық өкілдіктер жағдайды толық зерттеп, өз азаматтарының құқықтарын қорғау үшін қажетті шаралар қабылдап жатқанын мәлімдеді.

Айта кетейік, 2025 жылдың наурызында раввин Цви Коганды өлтірді деген айып тағылған үш Өзбекстан азаматы өлім жазасына кесілген еді. Осы резонансты қылмыстан кейін Абу-Даби билігі Өзбекстан азаматтары саналатын көптеген ер адамдардың елге кіруіне тыйым салып, кейбір жолаушыларды әуежайдан кері қайтарған.