Үндістанның Батыс Бенгалия штатында Нипах вирусын жұқтырудың бес дерегі расталып, билік індеттің таралуын тежеу үшін шұғыл шаралар қабылдап жатыр. Алғашқы жағдай анықталғаннан кейін шамамен 100 адам үй карантиніне жіберілген, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Апта басында медициналық персонал арасынан екі адамнан вирус табылса, кейін тағы үш жаңа жағдай тіркелген. Соңғы жұқтырғандардың қатарында дәрігер, медбике және медициналық мекеме қызметкері бар. Денсаулық сақтау департаментінің өкілі бір медицина қызметкерінің жағдайы жақсарып келе жатқанын, ал бір науқастың хәлі әлі де аса ауыр екенін мәлімдеді. Екеуі де жүрек аурулары бар науқастарға арналған жансақтау бөлімінде ем алып жатыр.
Нипах вирусы аса қауіпті әрі қазіргі таңда оған қарсы нақты ем жоқ. Оны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жоғары қатерлі патогендер қатарына жатқызады. Вирус тасымалдаушылары ретінде көбіне жарқанаттар аталады, сондай-ақ жұқтырған жемістер арқылы берілуі мүмкін.
Ауру белгілеріне қызу көтерілуі, бас пен бұлшықет ауыруы, құсу, тамақтың қабынуы жатады. Ауыр жағдайларда ми қабынуы дамып, екі тәулік ішінде комаға түсу қаупі бар. Ұйым деректеріне сәйкес, Нипах вирусының өлім-жітім деңгейі штамына қарай 40–75 пайызға дейін жетеді, ал аман қалғандарда ұзақ мерзімді жүйке жүйесі салдарлары, соның ішінде тұрақты құрысулар мен психоневрологиялық өзгерістер қалуы мүмкін.