Мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметінен кетсе, елді кім басқарады? Бұл сұраққа Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ерлан Жиенбаев Астанада өткен Конституциялық комиссияның алғашқы отырысында айтып берді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
"Конституцияның 48-бабында президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, оның қалған мерзімдегі өкілеттіктері Парламент Сенаты Төрағасына өтетіні көзделген. Өкілеттіктерді қабылдау мүмкін болмаған жағдайда, олар билік вертикалі бойынша әрі қарай - Парламент Мәжілісінің Төрағасына және Премьер-Министрге беріледі. Енді Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, оны ең алдымен вице-президентке беру ұсынылады. Вице-президент өкілеттіктерді қабылдай алмаған жағдайда, олар Құрылтай төрағасына берілуі тиіс. Құрылтай төрағасы өкілеттіктерді орындауы мүмкін болмаған жағдайда - Премьер-Министрге беріледі. Сондай-ақ Конституцияда мемлекет басшысы жариялаған, Конституцияның 48-бабында көзделген мән-жайлар бойынша президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, екі ай ішінде президент сайлауын өткізу туралы ұсынысты бекіту қажет, – деді Е. Жиенбай.