Конституциялық комиссияның алғашқы отырысында комиссия мүшесі, ҚР Президентінің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ерлан Жиенбаев Вице-президенттің құзыреттілігі туралы айтып берді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Президент көмекшісі жаңа Ата заңға мынадай негізгі қағидаларды енгізуді ұсынды:
– Вице-Президентті Құрылтайдың келісімімен (жалпы депутаттар санының көпшілік дауысымен) Президент тағайындайды.
– Вице-Президентті қызметінен Президент босататын болады.
Сонымен бірге, Конституцияда Вице-Президенттің өкілеттіктеріне қатысты мынадай негізгі қағидаларды көрсету ұсынылды:
Вице-Президент:
– Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастардағы мүдделерін білдіреді;
– Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында Президенттің атынан өкілдік етеді.
– Сонымен бірге, Вице-Президент Қазақстан Республикасы Президенті атынан Қазақстан Республикасының және шетелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен қарым-қатынас орнатады.
– Вице-Президент өкілді органның депутаты болмауға, өзге де ақылы лауазымдарды атқармауға және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмауға тиіс.
– Өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде Вице-Президент саяси партияның мүшесі болмауға тиіс.
Вице-Президент институтының енгізілуіне байланысты Конституциядан Мемлекеттік кеңесші туралы нормалар алынып тасталады.