Астанада Конституциялық комиссияның алғашқы отырысы өтіп жатыр. Оған Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Азимова жетекшілік етуде, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Отырыс барысында комиссия төрағасының орынбасары, Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин сөз алды. Оның айтуынша, конституциялық реформаға қатысты 7 саяси партия, 16 қоғамдық ұйым өз ұсыныстарын жіберген.
Құрылтайдағы депутат саны Жұмыс тобы мүшелері арасында біраз пікірталас туғызған. Кейін Құрылтайда 145 депутат болуы керек деген ортақ тоқтамға келген. Құрылтайға депутат болудан үміткерлерге қойылатын талап өзгеріссіз қалмақ.
“Қазіргі заң бойынша жасы 25-тен асқан азаматтарымыз Мәжіліс депутаты бола алады. Сондай-ақ, олар кейінгі 10 жылда еліміздің аумағында тұрақты тұруы шарт. Ең бастысы, елге қызмет етем деген азаматтардың халық қалаулысы атануға мүмкіндігі болуы қажет. Жұмыс тобы қазіргі Мәжіліс депутаттарына қойылатын талаптар Құрылтайға да қатысты болып, сол қалпында қалғаны жөн деген пайымға келді”, - деді Қарин.
Құрылтай депутаттары тек қана партиялық тізіммен сайлануын бәрі қолдап отыр. Олар бес жылдық мерзімге сайланады. Құрылтайда заң жобасы үш оқылымда қаралады. Әйелдерге, жастарға және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған квоталар сақталмақ.