21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты істің жаңа қырлары белгілі болды. Шымкенттік экс-полиция қызметкері Әбілғазы Бақтыбайұлы заңгер Айгүл Орынбектің Жүйе YouTube арнасына сұхбат беріп, қызды алып қашу дерегі бойынша полиция әрекеттері заң аясында болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оның айтуынша, 2025 жылғы 5 қазанда «қыз алып қашу» дерегімен 102 нөміріне қоңырау түскен соң, қызмет бабымен оқиға орнына барған. Үйде той болып жатқанын, ал Нұрай Серікбаймен жеке сөйлескен кезде оның Шерхан Аймаханмен өзара келісіммен келгенін айтқанын жеткізді.
«Алматыдан Шымкентке шығарда өзара келіскенбіз, отбасы құрамыз деп шештік деді», – деп еске алды экс-полиция қызметкері.
Әбілғазы Бақтыбайұлының сөзінше, ол сол күні қыздың арыз-шағымы жоқ екенін бейнежазбаға түсіріп алған. Алайда кейін қоғамда резонанс күшейген соң, бұл видео жарияланбаған. 2026 жылғы 20 қаңтарда Ішкі істер министрінің бұйрығымен өзі және бірнеше басшы қызметтен босатылған.
«Халық арасында шу шыққан кезде бізді себепсіз, қоқысқа лақтырғандай шығарып жібере салды», – деді ол.
Заңгер Айгүл Орынбек те бұл іске қатысты пікір білдіріп, Нұрай Серікбайдың ересек адам болғанын, жігіттің үйіне өз еркімен барғанын атап өтті. Оның жазуынша, істі резонансқа бола күштеп ауыр баппен тіркеу заңға қайшы.
«Заңды эмоциямен емес, нормамен қолданыңдар», – деп жазды ол.