Испанияның Барселона қаласынан Қазақстан азаматы экстрадицияланды, ол бұрын кеден органдарында қызмет атқарып, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бас прокуратура мен ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің мәліметінше, күдікті 2020 жылы кеден саласында жұмыс істей жүріп, ақпараттық жүйеге жалған деректер енгізген. Соның салдарынан сегіз шетелдік автокөлік иесі заңсыз түрде кедендік баж салығын төлеуден босатылған. Мемлекетке келтірілген шығын көлемі 45 миллион теңгеден асқан.
Тергеу деректеріне сәйкес, аталған тұлға үш жылдан астам уақыт бойы тергеу органдарынан бой тасалап, халықаралық іздеуде болған. Кейін ол Испания аумағында ұсталып, Қазақстанның Испаниядағы елшілігінің көмегімен елге жеткізілген.
Қазіргі уақытта күдікті Астана қаласындағы тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған айыптар бойынша жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу және өмір бойына белгілі бір қызметтерді атқару құқығынан айыру жазасы қарастырылған.