МӘМС қорында тағы да жаңа басшы. Жақында ғана Қаржы министрлігінің қарамағына өткен қордың жаңа басшысы болып Гүлмира Сабденбек тағайындалды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Гүлмира Сабденбектің медициналық білімі, қоғамдық денсаулық сақтау магистрі дәрежесі, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы басқару тәжірибесі бар. Әр Ұлттық медициналық холдингтің стратегиялық даму департаментінде, «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында» жұмыс істеген. Президент әкімшілігіндегі әлеуметтік саясат және орнықты даму, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау мәселелеріне жетекшілік еткен.
Осылайша МӘМС қорының соңғы он жылда сегіз басшысы ауысты.
Осыдан бір апта бұрын Қаржы министрлігі қорда жүргізілген ауқымды аудит жүргізіп, өрескел бұзушылықтарды анықтаған. Атап айтқанда, бір күнде клиника орта есеппен 24 адамға дейін қабылдай алатынына қарамастан, жекеменшік емхана бір күнде 1442 пациент қабылдаған. Қайтыс болған азаматтарға қызмет көрсету және төлем жасау фактілері тіркелді. Бұндай 996 пациентке қатысты 3 640 оқиға анықталды.
“Мысалы, 2023 жылы қайтқан адамды 2025 жылы қабылдауға жазған. Тағы бір жағдайда 6 ай бұрын қаза қайтыс болған балаларға стоматологиялық және лабораториялық қызмет көрсету жазбасы бар. 1,8 млрд теңгеге пациенттің жынысына сәйкес келмейтін скринингтердің 769 446 жағдайы тіркелді. Тек бір ғана Қарасай аудандық ауруханасында осындай 11 мыңнан астам жағдай анықталды”, -деді Қаржы министрі Мәди Такиев.
Сондай-ақ медициналық ұйым басшыларының табыстары мен сатып алған мүліктеріне талдау жасалды. 2024-2025 жылдар аралығында 1 465 басшы 5 мыңнан астам жылжымайтын мүлік объектісін сатып алған. Енді барлық деректер құқық қорғау органдарына беріледі. Олжас Бектенов әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің басқаруына беруді тапсырған. Оның бұл шешімін Президент те құптайтынын Ұлттық құрылтай отырысында айтқан болатын.