Мас болып көлік айдаған судья Әсел Досаева қызметінен босатылды. Бұл туралы Жоғары сот кеңесі жазды деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Кеңес жанындағы Сот жюриінің кезекті отырысында алты судья тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Олардың төртеуі сот істерін қарау барысында заң талаптарын өрескел бұзған. Үш судьяға ескерту жасалса, бір судьяға сөгіс жарияланған.
Тағы екі судья әдеп нормаларын бұзғаны үшін қызметінен босатылған. Солардың бірі – Әсел Досаева.
Ол Астанадағы Азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотта судья болған. 2025 жылдың қарашасында полиция рейді кезінде Mazda маркалы автокөлік тоқтатылып, жүргізушінің мас күйде болғаны медициналық сараптамамен расталған.
Кейін Ішкі істер министрлігі судьяның жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткенін де хабарлаған.