Қостанай қаласының №2 сотында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі комитетінің экс-төрағасы Дархан Әбдікәрімовке қатысты пара алу дерегі бойынша қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, сондай-ақ оған пара берді деген айыппен кәсіпкер де сотқа тартылды.
МИЛЛИОНДАП ПАРА АЛҒАН
Сотта анықталғандай, ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы болып тағайындалғанына жарты жыл да бола қоймаған Дархан Әбдікәрімов есесіне кәсіпкерден миллиондап пара алып үлгерген.
«2024 жылдың маусым айында А. Қостанай қ. Маяковский көшесінде орналасқан үйдің кіреберісінде ЖШС директоры О. өзінің қызметкері арқылы берген 2 000 000 теңгені алды, содан кейін тамыз айында СОО-да орналасқан кафеде бола отырып, А. мен ЖШС-нің 78 125 000 теңге сомасына бір көзден алу тәсілімен пестицидтерді сатып алу туралы шарт жасасқаны үшін 2 400 000 теңге мөлшерінде параны тікелей О.-дан алды», - делінген сот хабарламасында.
КҮДІКТІЛЕР КІНӘСІН МОЙЫНДАДЫ МА?
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында күдіктілер қылмыс жасағаны үшін кінәні толық көлемде мойындады, өкініш білдірді.
Сот жарыссөздерінде мемлекеттік айыптаушы бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындауды сұрады. Ал олардың қорғаушылары соттан оларға айыппұл түрінде бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.
СОТ ҮКІМІ ЖАРИЯЛАНДЫ
Сот жазаны тағайындау кезінде сотталушылардың қылмыстық жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде олардың шын жүректен өкінуін және кінәні толық мойындауын мойындады.
Сотталушылардың қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайларды сот белгілеген жоқ.
«Сот мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, жазаларын ҚАЖ орташа қауіпсіздік мекемелерінде өтеумен А.-ға 3 жыл 6 ай мерзімге және О.-ға 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады.
А.-дан алынған пара сомасы 4 000 000 теңге мемлекет кірісіне айналдырылды, сондай-ақ параның қалған сомасының құны 400 000 теңге мемлекет кірісіне өндірілді”, - делінген сот хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.