homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

«Қызылжар» клубының бұрынғы бас бухгалтері сотталды

23.01.2026, 13:08

Петропавлда «Қызылжар» футбол клубының бұрынғы бас бухгалтері Ольга Замелацкаяға қатысты сот үкімі шықты деп хабарлайды Juzmedia.kz.

63 жастағы зейнеткер Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі мөлшерде талан-таражға салды және 245-бабы 3-бөлігі бойынша ұйымға салынатын салықтарды төлеуден жалтарды деп танылды.

Тергеу материалдарына сәйкес, Ольга Замелацкая 2023 жылдан бастап жалған құжаттарды пайдалану арқылы қаржылық заңбұзушылықтарға жол берген. Сот оны 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Ол жжазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болды. 

Сот кабинетіндегі мәліметке сәйкес, сотталушы «Қызылжар» футбол клубы» ЖШС пайдасына 67 225 967 теңге көлемінде материалдық залалды өтеуге міндеттелді. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті пайдасына 287 163 354 теңге өндіріледі. Бұған қоса мемлекет кірісіне 10 721 680 теңге мемлекеттік баж салығы төленеді.

Айта кетейік, бұған дейін «Қызылжар» футбол клубында футболшыларға екі ай бойы жалақы төленбегені хабарланған. Осыған байланысты ойыншылар бірнеше күн бойы жаттығуға шықпаған.