АҚШ билігі жыл соңына дейін Кубадағы саяси режимді өзгерту мүмкіндігін қарастырып отыр. Президент Дональд Трамптың командасы бұл бағытта дайындық әрекеттерін бастап кеткен деп хабарлайды Juzmedia.kz.
The Wall Street Journal мәліметінше, Вашингтон Куба билігіне жақын адамдарды анықтауға кіріскен. Басылым дереккөздеріне сүйеніп, олармен 2026 жылдың соңына қарай режимді құлату жөнінде уағдаластыққа келу жоспарланып отырғанын жазады.
АҚШ әкімшілігі Куба экономикасы күйреудің алдында тұр деп есептейді. Сонымен қатар Гавана билігі Венесуэла президенті Николас Мадуро сияқты маңызды одақтастан айырылғаннан кейін айтарлықтай әлсірегені айтылып отыр.
Соған қарамастан Ақ үйде Кубаның коммунистік үкіметін құлату бойынша нақты бекітілген жоспар жоқ. Дегенмен Мадуроны тұтқындау және одан кейін Венесуэла билігіндегі кейбір өкілдердің ымыраға келуі Гавана үшін ескерту әрі үлгі ретінде қарастырылып отыр.
Ақ үйдің кейбір өкілдерінің айтуынша, Дональд Трамп бұрын қолданылған классикалық режим ауыстыру стратегияларын құптамайды. Оның орнына мүмкін болған жағдайда келісімдер арқылы нәтижеге жетуді жөн көреді. Алайда Венесуэлада іске асқан сценарийді Кубада қайталау әлдеқайда күрделі болуы мүмкін.
Кубада биліктің күшпен ауысуы ел ішінде тұрақсыздық пен гуманитарлық дағдарыс қаупін күшейтуі ықтимал. Осы себепті Трамп өзіне адал әрі сақ позиция ұстанатын саясаткерлерді негізгі қызметтерде қалдырған.
АҚШ әкімшілігі Кубаны әлсірету үшін Венесуэладан жеткізілетін мұнай ағындарын тоқтатуды көздеп отыр. Сонымен қатар Вашингтон Гавана үшін негізгі валюта көздерінің бірі саналатын шетелдегі кубалық медициналық миссиялардың жұмысын шектеуді жоспарлап отыр. Бұл бағдарламаларға қатысы бар кубалық және шетелдік шенеуніктерге АҚШ визасын беруге тыйым салынуы мүмкін.