homepage
Фото: Ашық дереккөзден

АҚШ, Украина және Ресей соғысты тоқтату мәселесін БАӘ-де талқыламақ

23.01.2026, 12:05

АҚШ, Украина және Ресей өкілдері Біріккен Араб Әмірліктерінде соғысты аяқтау мүмкіндігіне қатысты келіссөздер өткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форум аясында АҚШ президенті Дональд Трамппен кездескеннен кейін айтты деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Зеленскийдің айтуынша, әңгіме үшжақты форматтағы келіссөздер туралы болып отыр. Кездесу осы жұма және сенбі күндері Әбу-Дабиде сарапшылар деңгейінде өтуі тиіс. Бұған дейін мұндай жоспар бар екенін Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф те айтқан.

Украина президентінің сөзінше, АҚШ тарапынан келіссөз өткізу туралы ұсыныс ол үшін күтпеген жайт болған. Соған қарамастан, Зеленский бұл кездесуден айтарлықтай нәтиже күтпейтінін, алайда Мәскеудің ымыраға келуге қаншалықты дайын екенін түсіну маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, Украина мен Ресей арасында бірнеше айдан бері ресми тікелей келіссөздер жүргізілмеген.

Айта кетейік, қаңтардың ортасында Украина делегациясы Ақ үйге барып, АҚШ өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізген болатын.