homepage
Фото: Ақорда

"Тегін кірдік": Қазақстан «Бейбітшілік кеңесіне» жарна төлемеген

23.01.2026, 11:36

Бұған дейін қазақстандық БАҚ беттерінде Қазақстан АҚШ президенті Дональд Трамп бастамашы болған «Бейбітшілік кеңесіне» 1 млрд доллар жарна төлеп кіргені туралы ақпарат тарады. Алайда, Ақорда мұны жоққа шығарды. “Тегін кірдік” деп мәлімдеді Президент әкімшілігі, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Президент әкімшілігінің мәліметінше, Кеңес жарғысында көрсетілген 1 млрд доллар көлеміндегі ерікті жарна мүшелікке кірудің міндетті шарты емес. Бұл төлем тек мемлекетке Кеңес құрамында үш жылдан артық қалу мүмкіндігін беретін қосымша құқық ретінде қарастырылған. Қазақстан үшін мүшелік мерзімі үш жыл болып белгіленген.

Ақорда өкілдері Бейбітшілік кеңесіне қатысу әр елдің дербес шешімі екенін атап өтті. Аталған бастама Дональд Трамптың ұсынысымен көтерілген және Газа секторындағы қақтығысты тоқтату жоспарының бір бөлігі ретінде іске асырылып отыр.

Давоста өткен рәсімде Кеңесті құру туралы құжаттарға Қазақстанмен қатар Әзербайжан, Түркия, Сауд Арабиясы, Қатар, Біріккен Араб Әмірліктері және өзге де мемлекеттердің өкілдері қол қойған. АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткоффтың айтуынша, «Бейбітшілік кеңесі» тек Газа мәселесімен ғана шектелмей, басқа да жаһандық қақтығыстарды реттеумен айналысады.