homepage
Фото: egov.kz

Елдегі зейнетақының орташа мөлшері жарияланды

23.01.2026, 10:34

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елдегі зейнетақының орташа мөлшерін жариялады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Министрлік мәліметінше, 2025 жылы республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне жалпы 4 трлн 225 млрд теңге бөлінген. Оның 1 трлн 368,4 млрд теңгесі базалық зейнетақыға, ал 2 трлн 856,6 млрд теңгесі ынтымақты зейнетақыға жұмсалған. Жыл қорытындысы бойынша елімізде 2 млн 491 мың зейнеткер тіркелген.

2025 жылы жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 143 мың 143 теңге деп бекітілді. Соның ішінде ынтымақты зейнетақы орта есеппен 95 549 теңге болса, базалық зейнетақы 47 594 теңге деңгейінде қалыптасты.

Министрлік бұған дейін 2026 жылы мемлекеттік базалық зейнетақының ең төмен мөлшері 35 596 теңге болатынын хабарлаған. Базалық зейнетақы көлемі азаматтардың 1998 жылға дейінгі еңбек өтіліне байланысты есептеледі. Мәселен, 15 жыл еңбек өтілі бар азаматтар шамамен 40 680 теңге базалық зейнетақы алса, 30 жылдан жоғары еңбек өтілі барлар үшін ең жоғары базалық зейнетақы 55 936 теңгеге дейін жетеді. Қазіргі таңда ең төменгі зейнетақы мөлшері 69 049 теңге болып отыр.