Синоптиктер Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында қалың қар мен көктайғаққа байланысты дауылды ескерту жариялап, бірқатар республикалық жолдарда қозғалыс уақытша тоқтатылды деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты Қазақстан арқылы Ресей мен Қытай шекарасын жалғайтын республикалық маңыздағы трассаның бірнеше учаскесі жабылды, деп хабарлады ҚазАвтожол. Нақтырақ айтқанда, РФ шекарасы – Мәртөк – Ақтөбе – Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – ҚХР шекарасы автожолының Жамбыл облысындағы Кенен ауылынан Қайнар ауылына дейінгі 159–238 шақырым аралығында барлық көлік түрлері үшін қозғалысқа шектеу енгізілді. Бұл бағытта көліктер ескі Қордай асуы арқылы өткізілуде.
Сонымен қатар Қызылорда облысында аталған автожолдың 1806–2055 шақырым аралығы, яғни Қызылорда қаласынан Түркістан облысының шекарасына дейінгі бөлігінде қозғалыс тоқтатылды. Түркістан облысында да осы трассаның 2055–2095 шақырымындағы, Қызылорда облысының шекарасынан Түркістан аумағына дейінгі учаскесі жабық.
Алдын ала мәлімет бойынша, жолдар 2026 жылғы 23 қаңтар күні сағат 08:00 шамасында қайта ашылады.