Давоста өткен Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қою рәсімінен тараған видеода Қ.Тоқаев пен Д.Трамптың қысқаша сөз алысқанын байқауға болады. Президенттер не туралы сөйлесті? Бұл әңгіменің ауанына қатысты Президенттің баспасөз-хатшысы Руслан Желдібай желіде түсініктеме берді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
“Қасым-Жомарт Тоқаев Давос форумында таратылған “Президент Дональд Трамптың 365 күн ішіндегі 365 жеңісі” деп аталатын ресми құжаттың 177-тармағында Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылғаны жетістік ретінде көрсетілгеніне назар аударды. Бұдан бөлек, Президент Америка көшбасшысына ақыл-парасатқа негізделген ішкі саясатты жүзеге асыруда табыс тіледі. Дональд Трамп өз кезегінде Бейбітшілік кеңесін құру туралы бастамасына қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты”, – деп хабарлады Р.Желдібай.
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қойды. Ал, өткен жылдың қарашасында ҚР Президентінің АҚШ-қа жасаған сапары барысында Қазақстанның Ибраһим келісіміне қосылатыны ресми түрде жарияланған. Ал, Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың соңғы отырысында Мемлекет басшысы Авраам келісімінің Қазақстан үшін маңызына да тоқталған.
“Бұл келісімнің түпкі мәнін түсіну үшін оның атауына назар аударуымыз керек. Авраам, яғни, Ибраһим дін тарихында иудаизм, христиан және ислам діндеріне ортақ пайғамбар болып есептеледі. Еліміз бүкіл адамзатты біріктіретін құндылықтарға арқа сүйеуге тиіс. Біз түрлі халықтар мен дін өкілдері арасында татулық болғанын қалаймыз. Сол себепті, осы келісімге қосылғанымыздың мән-мағынасы ерекше, бұл шешім еліміздің халықаралық беделіне оң серпін береді”, — деді ол.