Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданында орналасқан «Глинковское» кен орнында ЖШС басшысы пайдалы қатты қазбаларды заңсыз өндіріп, Қытайға сатып келген. Компанияның лицензиясы тек геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге ғана құқық бергенмен, кәсіпкер жалпы көлемі 70 мың тоннадан астам кен өндіріп, 1 млрд теңге табыс тапқан. Күдіктілер бұл қаржыға бизнес-орталық, Алматыдан пәтер, «LAND ROVER RANGE ROVER» маркалы автокөлік, 2 автотұрақ орны мен 2 жер телімін сатып алған.
ҚМА Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті заңсыз кәсіпкерлік қызмет фактісі бойынша тергеп-тексеруді аяқтап, істі сотқа жіберді. Ауыр техниканы қолдану қоршаған ортаға зиян келтіріп, жер бедерінің бұзылуына және жердің тозуына әкеп соққан.
Айта кетейік, бұған дейін Департамент Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданы аумағындағы «Шыбынды» және Самар ауданының «Кенкарын» учаскелерінде алтынды заңсыз өндірген екі қылмыстық топтың қызметін тоқтатқан.