Шымкент қаласында 21 жастағы студент Нұрай Серікбайдың өліміне байланысты полиция қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Сенат кулуарында Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі басшысының орынбасары Санжар Әділов айтты деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оның айтуынша, қылмыстық іс Президент бұл оқиғаға қатысты пікір білдіргеннен кейін келесі күні қозғалған. Тергеу жәбірленушінің арызын тіркемей, тиісті шара қолданбаған полиция қызметкерлеріне қатысты жүргізіліп жатыр.
«Осы дерек бойынша салғырттық белгілерімен қылмыстық іс қозғадық. Тергеуді ішкі қауіпсіздік департаменті жүргізіп жатыр. Бұл – қылмыстық істі тіркемей, тұлғаны қылмыстық жауапкершілікке тарту бойынша қажетті әрекеттер жасамаған қызметкерлерге қатысты», – деді Санжар Әділов.
Оның сөзінше, ең алдымен жауапкершілік аудандық полиция басқармасының лауазымды тұлғаларына жүктеледі. Сонымен қатар тергеу аясында қалалық полиция департаментінің басшылығына да құқықтық баға беріледі.
Естеріңізге сала кетсек, қайғылы оқиға 11 қаңтарда болған. Әлеуметтік желіде тараған видеодан қыздың қашуға тырысқаны, кейін қарсылық көрсетіп, соққыға жығылғаны және оған бірнеше рет пышақ сұғылғаны көрінеді. Қылмыс жасаған ер адам оқиға орнынан бой тасалаған. Ал, Нұрай Серікбай пышақ жарақатынан жан тәсілім етті.
13 қаңтарда полиция күдіктіні қала сыртынан, шамамен 10 шақырым жерден ұстады. Ол – 28 жастағы жергілікті тұрғын, марқұмның танысы. Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалып, кейін қамауға алынғаны хабарланды.
20 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында бұл іске байланысты Шымкент полициясының әрекетіне баға беруді тапсырған еді. Президенттің сынынан соң қаланың полиция басшысы мен оның орынбасары қызметінен босатылған.