Дональд Трамп Давоста өткен экономикалық форумда сөз сөйлеп, Гренландияның неге Америка Құрама Штаттарының бақылауына өтуі тиіс екенін айтып берді. "Бұл ұлттық және халықаралық қауіпсіздік мәселесі”,-деді ол.
Трамп Гренландия мен Дания халқын құрметтейтінін жеткізгенімен, Копенгаген аралдың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмай отыр деп мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай мүмкіндік тек АҚШ-та ғана бар. Сондай-ақ, Вашингтоннан өзге НАТО-ға мүше бірде-бір ел Гренландияның қауіпсіздігін толық қамтамасыз ете алмайды деп мәлімдеді.
Ақ үй басшысы арал аумағында «Алтын күмбез» деп аталатын зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін орналастыру жоспарын да ашық айтты.
«Ұлттық және халықаралық қауіпсіздік үшін, сонымен қатар біздің өте белсенді әрі қауіпті ықтимал қарсыластарымызды тежеу үшін Даниядан бізге керегі – осы жер. Біз бұл аумақта тарихтағы ең ұлы «Алтын күмбезді» саламыз», – деді Дональд Трамп.һ
Сонымен қатар АҚШ президенті Еуропа елдерінің алдына нақты таңдау қойды: Гренландияны бақылауды Вашингтонға беруге келісу немесе одан бас тарту. Сөз барысында Трамп Гренландияны бірнеше рет Исландия деп қате атады.