homepage
Фото: Reuters

Жапонияның экс-премьерін өлтірген ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды

22.01.2026, 10:15

Жапония соты 2022 жылы елдің бұрынғы премьер-министрі Синдзо Абэні атып өлтірген ер адамды өмір бойына бас бостандығынан айырды. Тэцуя Ямагами өз кінәсін толық мойындады, деп хабарлайды Juzmedia.kz. 

45 жастағы Ямагамиге өмір бойына түрме жазасын тағайындауды талап еткен прокурорлар бұл оқиғаны «соғыстан кейінгі Жапония тарихында бұрын-соңды болмаған қылмыс» деп атады.

Ямагами 2022 жылдың шілде айында Нара қаласында сөз сөйлеп тұрған саясаткерге қолдан жасалған қарудан екі рет оқ атқан. Абэ ауыр жарақаттардан ауруханада көз жұмды.

2025 жылдың қазан айында өткен соттың алғашқы отырысында Ямагами “мұның бәрі рас. Мұны мен жасағаныма ешкімнің күмәні болмасын”, - деп мәлімдеді. 

Сотта ол 1954 жылы Сеул қаласында діни қайраткер Мун Сон Мён негізін қалаған Бірігу шіркеуіне (Unification Church) анасы жалпы сомасы 100 миллион иен - шамамен 600 мың доллар көлемінде қайырымдылық жасағанын, бұл олардың отбасын банкроттыққа ұшыратқанын айтқан. Ал, шіркеу әсіресе консервативті саясаткерлермен, соның ішінде Синдзо Абэге жақын Либералды-демократиялық партиямен (ЛДП) тығыз байланыста болған.